28.05.2025 жыл . Күлімдеген күнмен бірге бала жүректер де қимастық пен қуанышқа толы сәтті бастан кешірді. «Аққу» бөбекжай-бақшасында мектепке жол тартатын бүлдіршіндерге арналған “Қош бол балабақша “ атты қоштасу ертеңгілігі жоғары деңгейде өтті.
Балабақша ұжымы бүлдіршіндердің әр жетістігіне қуанып, оларды мектепке шығарып салудың үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш екенін жүрекпен сезінді. Балабақша ұжымы бүлдіршіндердің әр қадамын қуанышпен қарсы алып, білім мен тәрбиеге толы жылдарды артқа қалдырып, үлкен өмірге-мектеп табалдырығына шығарып салды. Мереке барысында балалар тақпақтарын айтып, ән шырқап, мың бұрала билеп, ата-аналар мен қонақтардың жүрегін елжіретті. Мерекелік шараны бөбекжай бақша меңгерушісі Алма Жұмабайқызы ақжарма тілегімен ашып, жылы шыраймен балаларға сәттілік тіледі. Алма Жұмабайқызы көпжылдық тәжірибесімен ұжымды ұйыстырып, жүйелі жұмысқа бағыттап отырған білікті басшы. Әр мерекелік шараға ерекше мән беріп, мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы жоғары болуына жағдай жасайды. Ұжыммен етене байланыс орнатып, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, барлық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Әдіскер-Алтынгүл Ұзақбайқызының ертеңгіліктің мазмұнын тереңінен жоспарлап, мазмұнды бағыттауы арқылы ертеңгілік мәнді де әсерлі болды. Саз жетекшісі-Айбарша Бүркітқызының да еңбегі ерекше зор. Ол-балабақшаның көпжылдық тәжірибелі маманы. Балалардың бойындағы өнерге деген алғашқы қызығушылығын оятып, музыка әлеміне деген сүйіспеншілікті сіңіріп келе жатқан жан. Айбарша апайдың жетекшілігімен бүлдіршіндер тек ән айтып қана қоймай, ырғақ пен әуенді сезіне білуге,музыкалық аспаптарда қарапайым сүйемелмен ойнап,бір-бірімен үндесе өнер көрсетті. Балалардың бойындағы өнерді ашып, олардың ортаға шығуларына себепші болды. Тәрбиешілері-Салтанат Қадыржанқызы мен Айзада Желелбайқызы балдырғандардың әр күнін білім мен мейірімге бөлеп, шын жүректен тәрбиеледі. Олардың мейірімі мен сабырлы еңбегі-әр баланың бойынан көрініс тапты. Мерекелік кештегі әндер мен би көріністері,балалардың ортаға сенімді шығып, өлең тақпақтарын айтып, үйлесімді қимылмен көрерменді тәнті етсе, бұл-ұжымның ұзақ дайындық пен шебер ұйымдастыруының нәтижесі, тынымсыз еңбегі мен жүрек жылуының жемісі. Көмекші тәрбиешісі-Рысгүл Мәдениетқызының да жылы қабағы, қамқорлығы мен ұқыптылығы балаларға әрдайым жайлы орта сыйлап тұрды . Жалпы балабақшадағы әрбір маман,әрбір қызметкер бала тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келеді. Шаруашылық меңгерушісі мен есепшінің ұқыптылығы, педагогтардың білім мен тәрбие беруі, медбикенің сақтығы , көмекші тәрбиешілердің қамқорлығы , аспазшылардың дәмді тағамдары, тазалықшы мен кір жуушының тазалығы, аула сыпырушы мен гул өсірушінің тынымсыз еңбегі, қарауылшы мен жылу беру операторларының қауіпсіздікке деген жауапкершілігі-осының барлығы балалардың аман-сау, қуанышты балалық шағы үшін бірігіп қызмет етіп жүрген жандар екенін дәлелдеді. Балабақша шараларында белсенділік танытып байланыста болған ата аналар да алғыс хатпен және бүлдіршіндеріміз дипломдармен марапатталды. Бақша түлектерімізге естелік сыйлықтар да таратылды. Осы сыйлықты ұсынуды ұйымдастырған азаматтарымызға кезінде балабақшадан тәрбиеленген Мырзағалиев Дулат пен Жүмашев Әлібекке ниет ризашылықта айтылды. Мерекеде Ата-аналар тарапынан да алғыс пен ықыласқа толы тілектер де айтылды. "Сіздердің мейірім мен еңбектеріңіз баламыздың жарқын болашағына жол ашты. Қандай ортада болсақ та, “Аққу” бөбекжай бақшасы-балалықтың ең бақытты мекені ретінде есімізде қалады"-деген шын жүректен шыққан алғыс сөздері көпшіліктің көңілін толқытты. “Аққу" бөбекжай-бақшасы ұжымы түлектерге: "Мектепте биіктерден көрініңдер, білім мен тәрбиенің жарқын үлгісі болыңдар!-деген ақжолтай тілектері бүлдіршіндердің ашық аспанға ақ шарларының ұшыруымен жалғасты . “Кішкентай тәрбиеленушілердің жарқын болашағына сеніммен жол сілтеп отырған бақша ұжымына еңбектерінің жемісін көре беріңіздер “,-деп тілейміз. 28мамыр 2025жыл.